Дүйсенбіге қараған түні Ресей күштері Украинаға тағы да шабуылдап, дрондар мен зымырандар қолданды. Киевте шабуыл салдарынан Дарница ауданындағы кеңсе ғимараты бүлінгенін қала әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченко өз Telegram-арнасында хабарлады.
Украинаның батысындағы Ровно облысының билігі 9 маусымға қараған түні "қуатты әуе шабуылы" болғанын мәлімдеді. "Ровно облысы үшін өте ауыр түн болды... Алдын ала мәліметтер бойынша, бір бейбіт тұрғын жараланған", – деп жазды Ровно облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Коваль Telegram-да. Маңызды көлік торабы саналатын Дубно қаласы мен Ровно қаласына шабуыл жасалған. Ресейлік әскери блогерлердің болжамынша, шабуыл нысанасына әскери аэродром алынған болуы мүмкін.
Дрон шабуылы салдарынан Днепропетров облысында да бүлініп, қираған нысандар тіркелді. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.
Черкассы облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Игорь Табурец аймақта әуе қорғаныс күштері Ресейдің 33 дронын атып түсірді деп хабарлады.
"Зардап шеккендер жоқ. Бірақ дрон сынықтарынан келген зиян аз емес. Черкассы ауданында төрт үй, бір шаруашылық құрылыс және бір автокөлік зақымданды. Сонымен қатар, орманның 2 гектар аумағы өртеніп, өрт жылдам сөндірілді. Золотоноша ауданында да төрт үй, шаруашылық құрылыстар, бір гараж және жеке кәсіпорын аумағындағы асхана бүлінді", – деп жазды Табурец.
Украина армиясы Әуе күштерінің мәліметінше, Ресей Украина аумағын шабуылдауға шамамен 500 әуе нысанын, соның ішінде 400-ден астам "Шахед" дронын ұшырған. Олардың басым бөлігі жойылды деп мәлімдеді Украина тарабы. Ресейлік әскери қолбасшылық бұл шабуылдарға қатысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.
Кейінгі күндері бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде америкалық ресми тұлғалардың айтқанына сүйене отырып, 1 маусымда Украинаның қауіпсіздік қызметі іске асырған "Өрмек" арнайы операциясы барысында Ресейдің тылдағы аэродромдарына жасалған дрон шабуылына қарымта ретінде Мәскеу ірі шабуылға дайындалып жатыр деп хабарлаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БАҚ: АҚШ Ресейдің украиналық "Өрмекке" қайтарар қарымтасты әлі алда деп санайды